ЖБА диагнозы қойылғанда: аурумен келісу және өмір салтын өзгерту
Ата-аналарға ішкі күйзелісті жеңу, өз-өзіне демеу болу және баласына күнделікті қолдау көрсету жолдары
Бұл ақпараттық материалдар клиникалық психолог Ольга Харькованың қатысуымен әзірленді. Ольганың жас ерекшелігі мен отбасылық психология саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар. Ол соңғы 8 жыл бойы «ЖБА отбасылары» қорымен бірлесе жұмыс істеп, ЖБА-мен бетпе-бет келген жандар мен олардың туыстарына кәсіби көмек көрсетіп келеді.
Ата-аналарға демеу болудың маңызы
ЖБА-мен бетпе-бет келу бүкіл отбасының үйреншікті өмірін өзгертеді. Бала ауырған кезде психологиялық тұрғыдан ең осал адам — ата-ана, және ең алдымен қолдау соған қажет.
Дерт туралы ақпарат көбіне бала әлі ештеңе түсінбейтін сәби кезінде анықталады [1], Бұл жаңалық ата-ана үшін нағыз соққы болып тиеді: олар өздерін дәрменсіз сезініп, болашаққа деген сенімін жоғалтады. Бойындағы үрей мен баласынан айырылып қалу қаупі олардың психикалық жай-күйіне қатты әсер етіп, өмірдің мәнін жойғандай әсер қалдырады.
ЖБА диагнозын естіген сәтте ата-ананың басынан кешетін ең ауыр күйі — өткір қайғы сезімі. Бұл дені сау, ешкімнен кем емес бала өсірсем деген асыл армандар мен үміттердің күйреуінен туындайды. Баланың өміріне қауіп төнуі адам үшін жақын адамынан айырылғанмен бірдей ауыр тиеді.
Ата-аналар бұрын-соңды бастан өткермеген күйге түсіп, бақытты өмір аяқталғандай сезінеді — бұл жай ғана күйзеліс емес, бұл терең психологиялық жарақат.
Психологиялық жарақаттың артында нақты физиологиялық өзгерістер жатыр. Ол эндокриндік жүйенің жұмысын өзгертіп [2,9], мидың есте сақтау және сөйлеу орталықтарын ерекше режимге қосады [3, 4]. Мұндай жағдайда адам өз ойын жеткізуге сөз таба алмай, көп нәрсені ұмытып, тіпті өз қажеттіліктерін сезінуден қалады.
Психологиялық жарақатты психикалық аурумен немесе жай ғана мұңмен шатастыруға болмайды. Бұл күйдің ең басты белгісі — адамның өз дәрменсіздігін терең сезінуі.
Ата-аналардың мұндай соққыға берер жауабы сан түрлі. Кейбіреулері тоқтаусыз дәрігер жағалап, оңалту шараларына жүгіріп, өзгелерден көмек талап ету арқылы ширыға түседі. Ал кейбірінің мүлдем қауқары таусылып, торығу мен енжарлыққа бой алдырады. Алайда олардың бәріне ортақ нәрсе — шындықпен бетпе-бет келуге шамасы жетпейтін орасан зор күйзеліс. Бұл жағдай ақыр соңында жүйкенің тозуына, ұйқы мен тәбеттің қашуына, жалпы денсаулықтың құлдырауына әкеледі.
Тіпті ауру белгілері әлі байқалмаған сәбилердің ата-аналары да бұл жаңалықты өте ауыр өткереді. Емнің ерте басталуы мен жақсы нәтижелерге қарамастан, олардың бойын дәрменсіздік пен мәңгілік үрей сезімі билеп алады.
Аурудың белгілерін көріп жүрген ата-аналар үшін нақты диагноз естігенде ауыр соққы болғанымен, бұл белгісіздіктен құтқарып, ем-дом мен оңалтуға бағытталған нақты іс-қимылдарға жол ашады.
Ал бала сырттай мүлдем сау көрінген жағдайда, ата-аналар ішкі арпалысқа (когнитивті диссонансқа) түседі: қағаз жүзіндегі «айықпас дерт» туралы үкім мен алдарында еш алаңсыз күліп-ойнап, қимылдап жатқан сәбидің бейнесі бір-біріне мүлдем қайшы келеді.
Мұндай жағдайда ата-аналар екі түрлі шектен шығушылыққа бой алдыруы мүмкін. Біреулері, жағдайдың жақсы болуына қарамастан, сәбиді тым ерте «мүгедектер» қатарына қосып, үйді түрлі медициналық аппараттарға толтырады және бірден бірнеше күшті дәрілермен емдеуге тырысады. Осылайша баланы шектен тыс қорғаштап, оны қалыпты балалық шақтан айырады. Енді біреулері болса, болған жайды мойындағысы келмей, шындықтан қашады және мәселені елемеу арқылы тек бүгінгі күнмен ғана жұбанады.
ЖБА тақырыбындағы кез келген әңгіме жанға батқандықтан, кейбір ата-аналар ауру туралы мәліметтерден саналы түрде бас тартып, дәрігерлердің дене жаттығулары, тамақтану және тыныс алуды қолдау жөніндегі маңызды нұсқауларын орындамайды. Мұндай немқұрайлылық дерттің асқынуына әкеп соғуы мүмкін, бұл өз кезегінде ата-ананың басындағы қайғыны одан сайын ауырлатып, іштей өзін кінәлау сезімін күшейтеді.
Дегенмен, іштегі қорқыныш пен аурудың жай-жапсарын ашық талқылау арқылы ғана жағдайды қолға алуға болады. Нақты ақпарат пен іс-қимыл жоспары бойды билеген ауыр сезімдерді жеңуге көмектесетін жалғыз жол.
Дертпен келісу — шынайы өмірді мойындау
Болып жатқан жағдайды түсіну үшін адам өз басындағы қайғыны толық сезінуі тиіс. Қайғыру — ерікке бағына бермейтін құбылыс, бірақ оның өзіндік даму заңдылықтары бар. Осы кезеңдерді білу арқылы адамның қазіргі ішкі күйін анықтап, оған тиісті демеу көрсетуге болады.
Мамандар шындыққа көз жеткізу жолында адам баласы бес негізгі сатыдан өтетінін алға тартады: жоққа шығару, ашулану, жағдайды жеңілдетуге тырысу (саудаласу), торығу және соңғы нәтиже — дертті қабылдау.
Шок және теріске шығару. Болып жатқан жағдай түс секілді көрініп, естіген деректің бәрі қате сияқты сезілетін кезең. Бұл — сананың үйреншікті өмірді сақтап қалуға тырысқан қорғаныс әрекеті. Мұндай күй бір сәттен бірнеше жылға дейін созылуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, психологиялық көмекке неғұрлым ерте жүгінсе, бұл есеңгіреуден соғұрлым тез арылуға болады [5].
Ашу-ыза және агрессия. Қорғаныс реакциясының келесі түрі: «әлемім күйреді — демек, бұған біреу кінәлі». Ата-аналар жағымсыз жаңалықты жеткізген дәрігерлерге, гендік ақауға себепкер деп тапқан туыстарына, тіпті дені сау бөтен балаларға ашулануы мүмкін. Ашудың пайда болуы адамның жамандығын емес, оның ішкі ауырсынуын білдіреді, бірақ бұл сезімнің қалай сыртқа шығатыны маңызды. Ашуды жақындарға төгу қарым-қатынасты бүлдірсе, оны «іскерлік энергияға» айналдыру — мықты мамандар мен тиімді ем табуға көмектеседі.
Мәмілеге келу (саудаласу). Адам өткенді қазбалап, «қай жерден қателестім?» деп жауап іздейтін, жағдайды өзгертудің жолдарын қарастыратын кезең. Көбіне күш-қуат нәтижесіз істерге, құр қиялға немесе өз-өзін жазғыруға жұмсалады. Психологтар «Не жазығым бар еді?» немесе «Не үшін?» деген сұрақтарды қоюды тоқтатып, назарды «Дәл қазір не істей аламын?» деген сауалға бұруды ұсынады. Осы сұрақ қана алға жылжуға мүмкіндік береді.
Депрессия. Бұл кезең терең мұң мен еңсе түсірер енжарлықпен ерекшелінеді. Бойды билеген дәрменсіздік салдарынан адам ешкіммен араласуды қаламайды, ал ертеңгі күн тек түнек болып көрінеді. Бұл — іштей есеңгіреу мен болған жайды санамен қорыту кезеңі. Жақындары көбіне бұл азапты тоқтатуға тырысып, адамды жұбатуға немесе көңілін аулауға күш салады. Алайда, мұндай сезімдер — дертті мойындау жолындағы заңды процесс, сондықтан оны басып тастамай, толық өткеру керек.
Қабылдау. Бұл кезеңге жету — ауруды ұмыту немесе қайғыруды тоқтату емес. Қабылдау дегеніміз — жаңа шындықпен есептесе отырып, әрі қарай өмір сүруге өзіңе рұқсат беру және болашақты жоспарлау. Адам бойындағы байбалам басылып, салқынқандылық орнайды, соның нәтижесінде жағдайды бақылауға алып, парасатты шешімдер қабылдай бастайды.
Мойындау процесін қолдан тездету мүмкін емес, ол сабыр мен уақытты талап етеді. Бұл кезеңдердің реттілігі мен ұзақтығы әркімде әртүрлі болады, кейде өткен сатыларға қайта оралу да қалыпты құбылыс.
Бастан кешіп жатқан барлық эмоцияларыңыз орынды екенін ұмытпаңыз. Тағдырға налу, шындықтан қашу немесе торығу — мұның бәрі табиғи реакция. Ең бастысы, өзіңіздің қай кезеңде тұрғаныңызды түсінуге тырысыңыз және бұл ауырлықтың соңы міндетті түрде жеңілдікке ұласатынына сеніңіз, өйткені қабылдау процесі — мәңгілік емес.
Дертті қабылдау кезеңінің келгенін қалай білеміз?
Емдеу мен оңалтудың нақты жоспары құрылып, алдағы қадамдар айқындалса, қабылдау процесі аяқталды деп санауға бола ма? Әлде бұл тек сыртқы көрініс пе?
Ата-аналардың бәрі бірдей іштей толық мойындау кезеңінен өте бермейді. Көптеген отбасылар ауруға жай ғана бой үйретеді: қажетті құжаттарды реттейді, дәрі-дәрмек алады, емханаларға барады. Олар «күнделікті көз жасы тыйылса, демек бәрі қалпына келді» деп ойлайды. Мұндай сәтте шынайы сезімдер мен ішкі күйзелістер сыртқа шықпай, сананың терең түкпіріне жасырылады немесе күшпен басып тасталады.
Менің байқауымша, қиын жағдайға бейімделе алған ата-аналар тым белсенді көрінгенімен, іштей өте осал болады. Тұрмыстағы кез келген келеңсіздік, баланың жай ғана сырқаттанып қалуы немесе денсаулығының сәл нашарлауы оларды есеңгіретіп, ауруды мойындаудың барлық ауыр кезеңдерін басынан қайта өткеруге мәжбүрлейді.
Ата-ананың аурумен күресе білуі — үлкен жеңіс. Дегенмен, тек әрекетпен шектелмей, өз ішкі сезімдеріне де құлақ түруі, оны түсінуі және бөлісуі өте маңызды.
Кейде ата-аналар күйзелісті іс-әрекетпен басуға тырысып, тек бір ғана нәтижені көздейді. Мәселен, қандай да бір емге қол жеткізу немесе баланы міндетті түрде жүргізіп жіберуді мақсат тұтады. Бірақ жағдайды іштей толық мойындамау оларды кейде қазіргі ахуалға сәйкес келмейтін, ақылға сыйымсыз қадамдарға итермелеуі мүмкін.
Егер ата-ана патогенетикалық емді бастап, дәрігер нұсқауларын мүлтіксіз орындап жүрсе де, баланы тым аяп, оның көңіліне қаяу түсіруден немесе титтей де бір қиындыққа тап болуынан қорықса, демек, дертті толық мойындау әлі орын алмаған.
Сол сияқты, баланың өздігінен жүре алмайтынын мүлдем елестеткісі келмей, арба алудан қашса және баланы физикалық жаттығулармен титықтатса — бұл да қабылдау процесінің аяқталмағанын білдіреді. Бірінші жағдайда ата-ана баланың тұлға ретінде қалыптасуына кедергі келтірсе, екіншісінде оның нақты дене мүмкіндіктерін ескермейді.
Шынайы қабылдау — өмірдің бұрынғы арнасына енді ешқашан түспейтінін жете түсінгенде келеді. Өкінішке қарай, бұл дерттен түбегейлі айығу мүмкін емес. Бұл оймен бітісу шарт емес, бірақ осы шындықпен жаңаша өмір сүруді үйреніп, баланы ертеңгі нақты өмірге бейімдеу қажет.
Психолог немесе психотерапевт өз ішкі күйіңізді саралауға, күш-қуатыңызды дұрыс бөлуге және жағдайды байыппен бағалауға жәрдемдеседі. Маманның демеуі отбасына қиын кезеңдерден жеңіл өтуге, ауыр дертке мойымай бейімделуге және бойды билеген жағымсыз сезімдерден арылуға көмектеседі.
Кінәлі сезіну — жанды жегідей жейтін ең ауыр күйзелістердің бірі
Дертке шалдыққан баланың ата-анасы күн сайын сан түрлі қайшылықты сезімдердің құрсауында болады. Соның ішіндегі ең басымы әрі ең ауыры — өз-өзін кінәлау.
Ата-ана бала өміріне жауапты екенін жақсы түсінеді, бірақ бұл жауапкершілік көбіне «бәріне мен кінәлімін» деген ойға ұласады. Оларға сәбидің тартқан тауқыметі өздерінің гендік ақауынан немесе қате қадамдарынан болғандай көрінеді. Бұл ішкі үрейді айналадағы адамдардың «кеш қалдыңдар, дұрыс қарамадыңдар, ем-домың қате» деген жазғырулары одан сайын ушықтыра түседі.
Өзін кінәлі санау мазасыздықты арттырып, адамды негізсіз әрекеттерге итермелейді. Біреулер өзіне де, балаға да тым қатал талап қойып, шектен тыс күш жұмсаса (бұдан да көп әрекет етуім керек!), енді біреулер баланы шексіз еркелетіп, тәртіп пен режимді мүлдем ұмытады. Мұндай тұрақсыздық отбасындағы жанжалға, қажуға және өз-өзіне деген ренішке әкеліп, соңында кінәлау сезімінің жаңа шеңберіне қамайды.
Маманның көмегінсіз бұл ауыр сезімнен арылу қиын. Дегенмен, кінәлау түйсігінің шешімдеріңізге қалай әсер ететінін түсініп, оны бақылауды үйрену арқылы өміріңізді құрдымға кетуден сақтап қала аласыз.
Кінәлау сезімін еңсеру жолдары
Бәрі сіздің қолыңызда емес екенін түсініңіз. Адам баласы гендердің қалай жұптасатынын таңдай алмайды және айықпас дерттің барысын өз еркімен өзгертуге қауқарсыз.
Көңіл-күйіңіздің түсуіне бола өзіңізді жазғырмаңыз. Бала қанша жерден сүйікті болса да, оның еркелігі мен тілазарлығы шаршатып, ашуыңызды тудыруы мүмкін. Мұндай сәтте теріс эмоцияның пайда болуы — табиғи нәрсе.
Мәселені шешуге бағытталыңыз. Өзіңізге: «Дәл қазір қандай пайдалы іспен айналыса аламын? Не істеу керектігін білемін бе?» деген сұрақтар қойыңыз. Ауру туралы нақты ақпарат алу — үрейді сейілтудің ең тиімді жолы. Көкейдегі сауалдарды дәрігерлермен талқылап, біліміңізді арттырыңыз.
Өзгелердің сізге үкім айтуына жол бермеңіз. Тіпті жақын тартатын жандардың өзіне сізді кінәлауға рұқсат етпеңіз. Жер бетінде қателеспейтін мінсіз адам жоқ екенін есте сақтаңыз.
Кәсіби көмектен қашпаңыз (Егер ішкі арпалысты жеңуге шамаңыз жетпей бара жатса, психолог, психотерапевт немесе басқа да мамандарға жүгінуден қысылмаңыз.
Үрей мен қорқыныш несімен қауіпті?
«Бала өз диагнозын білгенде қатты күйзелсе ше? Денсаулығындағы шектеулермен өмір сүру оған тым ауыр соқса ше? Айналасы оны жатсынып, қабылдамай қойса ше?» — осындай күдіктер ата-ананы күн сайын мазалайды. Бұл қорқыныштар туралы нені білу маңызды?
Оқиғаны тым асқындырып, болашақты тек қараңғы түнек ретінде елестету (катастрофизация) — ойлау жүйесіндегі қателіктердің бірі. Адам жаны қысылғанда жағымсыз жайттарды еселеп үлкейтуге бейім. Мұндай күйден шығудың басты алғышарты — өз үрейіңді танып, оның негізсіз екенін сезіну.
Әрбір қорқыныштың түпкі себебін маманмен бірге саралаған абзал. Бұл белгісіздіктен туған үрейді нақты қадамдары бар шешілуі тиіс міндетке айналдыруға мүмкіндік береді.
Мәселен, сізді «балам жүгіріп, ойнап жүрген құрдастарына қарап іштей тынады-ау» деген ой мазалауы мүмкін. Бірақ, шын мәнінде, мұндай күйзеліс физикалық кемшіліктен емес, белгілі бір нәтижеге қол жеткізе алмаудан туындайды.
Егер бұл мәселе баланы шынымен мазаласа (тек сіздің ойыңыз емес болса), одан: «Егер жүре алсаң, ең бірінші қайда барар едің?» немесе «Қолың мықты болса, не істер едін?» деп сұраңыз. Әдетте баланың арманы өте қарапайым әрі орындауға болатын істер болып шығады.
«Жүре алсам, достарыммен паркте қыдырар едім» десе, техникалық оңалту құралдарын пайдаланып, бұл сапарды қалай ұйымдастыруға болатынын ойластырыңыз. Мүмкін, электроарба немесе скутер алудың уақыты келген шығар? Ал егер мәселе қарым-қатынаста болса, оған достар табуға көмектесіңіз. Егер ол «өзім жуыну үшін» мықты қолды армандаса, оған арнайы гаджеттер мен бейімделген құралдар арқылы өз-өзіне қарауды үйрету керек.
Егер бала ата-анасының үнемі жамандықты ойлап, ол үшін уайым шегіп жүргенін көрсе, оның өз-өзіне сенімі азайып, бойын қорқыныш билеуі әбден мүмкін.
Баланы ешкіммен салыстырмаңыз, бойыңыздағы үрейді оған жұқтырмаңыз және орынсыз қауіп пен нақты жағдайды шатастырмаңыз. Баланың бейімделу қабілетін шыңдап, ортаны оның ыңғайына қарай реттеңіз. Бала үшін ата-анасына физикалық әрі эмоционалды тұрғыдан кіріптар болмауды үйрену өте маңызды. Сонда ғана, ЖБА диагнозына қарамастан, ол ішкі әлемі бай, мықты тұлға болып қалыптасады.
Үрей мен байбаламды басу жолдары
Егер кенеттен пайда болған қорқыныш сезімін тез арада жеңу керек болса, келесі әдістерді қолданып көріңіз. Олар бойды билеген байбалам (паника) кезінде ес жиюға, тынышталуға және айналаңыздағы шындықты сезінуге септігін тигізеді.
Тәтті сорып, оның дәмін сезінуге тырысыңыз.
Суды асықпай, кішкене ұрттап ішіңіз.
Өткір иісі бар затты (мысалы, цитрус, қарағай немесе эвкалипт майының құтысын) иіскеп, соған зейін қойыңыз.
3 секунд бойы ішпен терең дем алыңыз.
1 секундқа тынысыңызды іштей тоқтатыңыз.
6 секунд бойы деміңізді жайлап сыртқа шығарыңыз.
Айналаңыздан көріп тұрған 5 затты атаңыз.
Өзіңіз ұстап көре алатын 4 затты атаңыз.
Құлағыңызға естіліп тұрған 3 дыбысты атаңыз.
Өзіңіз сезіп тұрған 2 иісті атаңыз.
Дәмін татып көре алатын 1 затты атаңыз.
Мазасыздық пен ашуды қалай басуға болады

Ішкі қарсылықты немесе ашуды сыртқа шығара алмағанда, көңілде реніш пен мазасыздық пайда болады. Кейбір ата-аналар науқас баланың қасында мұндай күйге түсуді өздеріне күнә санап, дұрыс емес деп есептейді. Мұндай жағдайда не істеген жөн?
Кез келген эмоцияның адамға тән екенін және сезімдердің екіұшты болатынын есте ұстаңыз. Біз бір адамды шын жүрекпен жақсы көре тұра, дәл сол сәтте оған кейіп, ашулануымыз да мүмкін. Елжіреу мен кейіс — бір мезетте қатар жүретін сезімдер.
Егер бойыңызды жиі ашу билейтінін байқасаңыз, оның түпкі себебіне үңіліп көріңіз. Мүмкін, сізге баланың нақты бір қылығы ұнамайтын шығар? Оған зейін қойып көріңіз: сізді не мазалайды? Баланың да қателесуге, мінсіз болмауға құқығы бар екенін түсінуге тырысыңыз. Сол мазасыздықты тудырған жағдайды өзгерту мүмкін бе, соны бағамдаңыз.
Ал егер себепсіз ашулансаңыз, бұл сіздің қатты қажығаныңыздың белгісі болуы мүмкін. Мұндай күй — эмоционалдық сарқылудың алғашқы дабылы.
Ашу-ызаны сыртқа шығарудың тиімді әдістері
Ойыңызды қағазға түсіріңіз. Қолыңызға қалам алып, көкейдегі сезімді сипаттаңыз немесе жатқа білетін бір өлең жолдарын, тіпті көбейту кестесін жаза бастаңыз. Жазу процесіне және әріптердің бейнесіне ден қою арқылы сіз назарыңызды жағымсыз ойлардан басқа жаққа бұра аласыз.
Бояумен айналысыңыз. Дайын суреттерді немесе мандалаларды бояу, сызықтарды штрихтау — ішкі кернеуді басудың жақсы тәсілі.
Денеңізді сезініп, зейінді тұрақтандырыңыз. Өзіңізге «оң қолыңмен сол иығыңды ұста», «сол қолыңмен оң тізеңді бас» деген сияқты нақты тапсырмалар беріп, оларды орындаңыз. Мұндай жаттығулар миды «осы сәтке» қайтарып, сезімді тізгіндеуге көмектеседі.
Қозғалысқа мән беріңіз. Күш жұмсалатын жаттығулар, жүгіру немесе салқын душ қабылдау бойдағы ашу-ызаны тарқатып, көңіл-күйді қалпына келтіруге септігін тигізеді.
Ата-аналардың эмоционалдық сарқылуы
Эмоционалдық сарқылу көбіне жұмысорнындағы тоқтаусыз стресстен туындайтынтәни және рухани қажыу ретінде сипатталады.Бірақ ауру балаға күндіз-түні қарайтыната-аналар да осындай ауыр күйді бастанкешуі әбден мүмкін.
Бастапқыда ата-аналар бар күшін салып, дәрігерлерді жағалайды, оңалту орталықтарына жүгіреді, қажетті көмекті талап етеді — бұл кезеңде олар үнемі ширыққан күйде жүреді. Тіршілік толастамайды, ал ағзаның тынығып, күш жинауына уақыт қалмайды, содан барып ішкі ресурс таусылады. Ақыр соңында ата-ана бойкүйездікке салынып, дәрменсіздік пен торығуға бой алдырады. Мұндай жағдайды эмоционалдық қажу деп атайды.
Эмоционалдық қажудың белгілері
Эмоционалдық деңгей. Ештеңеге зауқының соқпауы, жылауықтық, жиі ашулану, өз дәрменсіздігін сезіну, баланың алдындағы кінәлау сезімі және қорғансыздық күйі.
Физикалық деңгей. Бойды әлсіздік билеп, созылмалы шаршау пайда болады. Ұйқы мен тәбет бұзылып, ағзаның ауруға қарсы қабілеті (иммунитет) төмендейді.
Мотивациялық деңгей. Алға қойған мақсаттар мен тілектер жоғалады. Егер күткен нәтиже болмаса (мысалы, бала өз бетінше жүріп кетпесе), жасалып жатқан әрекеттердің мәні жоғалып, олардың маңыздылығы құнсыздана бастайды.
Когнитивті деңгей. Есте сақтау қабілеті нашарлап, зейін қою қиындайды, сөйлеу немесе жазу кезінде қателер пайда болады. Әсіресе қиын сәттерде шешім қабылдау жылдамдығы баяулайды.
Ата-аналар бойындағы сезімнің сарқылғанын сезінгенде, мұның себебін балаға деген сүйіспеншіліктің аздығынан деп түсінуі мүмкін. Өзін кінәлау және «жаман ана» болып қалудан қорқу оларды бұрынғыдан да көп міндетті мойнына алуға итермелейді. Нәтижесінде ата-аналар өздерін психологтар «жарылыстан кейінгі күл» деп сипаттайтын — шектен тыс эмоционалдық және физикалық қажу жағдайына дейін жеткізеді.
Мен ата-аналарды өздерін күтуге шақырамын және бойына қуат беретін мына жайттарды есте сақтауды өтінемін.
Ата-аналық махаббат өшпейді. Бойдағы дәрменсіздік пен ашушаңдық сезімі балаға деген сүйіспеншіліктің жоғалғанын емес, тек жан мен тәннің шектен тыс қажығанын білдіреді.
Шамадан тыс міндет қарым-қатынасқа нұқсан келтіреді. Ата-ана бір мезетте әрі емдеуші, әрі жаттықтырушы, әрі тәрбиеші рөлін атқарса, оның баламен жай ғана әке не ана ретінде еркін сөйлесуіне күш-қуаты қалмайды.
Мінсіз ата-ана болу мүмкін емес, тек «баласына жақсы ата-ана» болу жеткілікті. Біздің шаршауға, қателесуге немесе бір нәрсені істей алмауға құқығымыз бар. Сонымен қатар, тек өз жеке қажеттіліктерімізге уақыт бөлу — әрбір ата-ананың заңды құқығы.
Өзіңізге күн сайын күтім жасау жолдары
Эмоционалдық сарқылудың алдын алуға арналған 10 кеңес
Күн тәртібін сақтаңыз. Белгілі бір кестемен өмір сүру тұрақтылық сезімін береді, ал бұл стресстің азаюына ықпал етеді. Баламен бірге өтетін күнделікті тіршілікті бәріңіз бір уақытта ұйықтап, бір уақытта тамақтанып, серуендеп және ойнайтындай етіп ұйымдастырыңыз.
Тәніңізге көңіл бөліңіз. Уақытылы тамақтану мен су ішуді ұмытпаңыз, зиянды әдеттерден аулақ болыңыз. Спортпен шұғылдану, серуендеу, массажға бару немесе салқын душ қабылдау ағзаның «қуаныш гормондарын» (дофамин, серотонин, эндорфин) бөлуіне көмектеседі. Таза ауа, күн сәулесі, суды жеткілікті ішу және температураның ауысуы (мысалы, монша мен салқын су) күйзеліс гормоны — кортизолдың ыдырауына септігін тигізеді.
Отбасы мүшелерінің мүдделері арасында тепе-теңдік сақтаңыз. Егер түнде ұйқыңыз қанбаса, күндіз ұйқылы-ояу күйде серуенге шыққаннан көрі, бәріңіз бірге жатып тынығып алғаныңыз әлдеқайда пайдалы.
Өзіңізге ұнайтын істермен айналысыңыз. Көңілді кітаптар оқып, комедия тамашалаңыз, сүйікті әуендеріңізді тыңдап, шығармашылыққа уақыт бөліңіз. Өзіңізге қуаныш сыйлайтын сәттердің тізімін жасаңыз: таңғы кофе ішу, театрға бару, достармен жүздесу және т.б. Оларды ұнату деңгейі мен жүзеге асыру мүмкіндігіне қарай реттеп, күнтізбеңізге жазып қойыңыз. Өзіңізге жақсылық жасауды ұмытпаңыз.
Өзіңізді қолдайтын жандармен көбірек тілдесіңіз, Ал көңіліңізге қаяу түсіріп, ренжітетін адамдармен араласуды шектеңіз.
Жақындарыңызды құшақтаңыз. Дене жанасуы мен құшақтасу кезінде тағы бір қуаныш гормоны — окситоцин бөлінеді. Сүйікті адамыңызды, балаңызды, ата-анаңызды, тіпті үй жануарларын құшақтаудың өзі бойыңызға қуат береді.
Көмектен қашпаңыз. Өз мүмкіндігіңізді шынайы бағалап, басқалардың көмегін қабыл алыңыз, қажет болса өзіңіз де көмек сұраңыз. Жақындарыңызға бала күтімін, жаттығу жасатуды немесе арнайы құралдарды қолдануды үйретіп, міндеттерді бөлісіңіз. Бұл тек сіздің күшіңізді сақтап қана қоймай, баланы туыстарымен жақындастыра түседі.
Сенімді ақпаратқа сүйеніңіз. Түрлі қауесеттер мен жорамалдар тек үрейді арттырады. ЖБА туралы мәліметтерді, емдеу тәсілдерін, тыныс алуды қолдау мен оңалту құралдарының жұмысын тек кәсіби және сенімді дереккөздерден зерттеңіз.
Кәсіби мамандардан көмек сұраңыз. Неврологтар мен психиатрлар жүйке жүйесін нығайту үшін қажетті медициналық көмек көрсетсе, психологтар мен психотерапевтер жан жарасын емдеп, қиын кезеңнен жеңіл өтуге бағыт-бағдар береді.
Баланы өз бетінше айналысуға үйретіңіз. Оған жалғыз ойнауға, сурет салуға немесе кітап қарауға мүмкіндік беріңіз. Бала өзі көмек сұрап шақырмағанша, оның ісіне араласпауға тырысыңыз. Осылайша, сіз балаға толық көңіл бөлетін сәттер мен өзіңізге уақыт табатын сәттерді теңгере аласыз.
Туған-туыстардың тигізер септігі
Жұлын бұлшықет атрофиясы (ЖБА) бар баланы тәрбиелеп отырған отбасына қалай дұрыс қолдау көрсету керек.
Егер жақындары көмектескісі келсе, олар күнделікті тұрмыстық істерді: үй жинауды, тамақ пісіруді, кір жууды немесе баламен серуендеуді өз мойнына ала алады. Психологиялық көмекке дейінгі қолдаудың маңызы зор және оны кез келген адам көрсете алады: ата-ананың уақытылы тамақтануын, ұйқысының қануын және өздеріне күтім жасауын қадағалау қажет. Ата-аналардың баланы сенімді адамға қалдырып, екеуара уақыт өткізуге — кездесуге немесе киноға баруға мүмкіндігі болғаны жақсы. Бұл оларға жаңа күш-қуат береді.
Кейде адамдар көмектесуге дайын болғанымен, ата-аналарға қалай жақындауды, не ұсынуды білмей жатады. Сөзді «Мен қалай көмектесе аламын?» деген қарапайым сұрақтан бастауға болады. Бала күтімі кез келген адамның қолынан келе бермеуі мүмкін, бірақ отбасының жүгін басқаша жеңілдетуге болады: күтуші жалдауға көмектесіп, ата-ананың бір кешін босату немесе тұрмыстық мәселелерді шешіп беру. Өзіңізге түсініксіз немесе қорқынышты көрінетін істі істеудің қажеті жоқ — көмек шама-шарқыңызға қарай болсын.
ЖБА-мен ауыратын балалардың жақындары мен туыстары осындай пациенттерді қолдайтын қайырымдылық қорларына жүгіне алады. Ол жерде дерт туралы толық ақпарат беріп, тағы қандай көмек түрлерін көрсетуге болатынын түсіндіреді.
Маман көмегінің маңызы мен оған жүгіну уақыты
Баласы ауыр дертке шалдыққан отбасы үшін қолдау — өмірлік қажеттілік. Соған қарамастан, көптеген ата-аналар психологиялық көмектен бас тартып жатады.
Мұның себептері әртүрлі: бірі ішкі күйзелісін елеусіз қалдырса, енді бірі сырттан көмек керек екенін мойындауды әлсіздік көреді. Кейбірі бейтаныс маманға іштегі дертін ақтарғысы келмейді немесе оның нәтижесіне күмәнмен қарайды. Бірақ бұл отбасылардың бәріне тән нәрсе — тоқтаусыз күйзеліс жағдайында өмір сүру. Сондықтан жақындары мен дәрігерлердің басты міндеті — ата-ананы кәсіби маманның көмегіне жүгінуге көндіру.
Баланың қамы үшін ата-ананың кез келген жағдайда суыққандылық танытып, дұрыс шешім қабылдай алуы өте маңызды. Алайда, «балам сау болса екен» деген үлкен арманның күйреуінен туған қайғы сейілмейінше, адамға айналадағы шындықты байыппен қабылдау қиын соғады. Бұл кезеңнен өту үшін уақыт қажет, ал ЖБА жағдайында уақыт — ең құнды ресурс.
Біз адамның сезімін немесе реакциясын күштеп тездете алмаймыз. Бірақ оған ауыр соққыны еңсеріп, ішкі тепе-теңдігін қайта табуға және жаңа өмір шындығына бейімделуге тиімді көмек бере аламыз.
Психолог немесе психотерапевт дағдарыс сәттерінде сүйеніш болады. Олардың әдіс-тәсілдері әртүрлі болғанымен, мақсаты бір — сізге тығырықтан жол табуға, жан тыныштығына қол жеткізуге және өз-өзіңізге сенімді болуға көмектесу.
Маманның көмегі қандай болады
Тірек болады. Сіз іштегі барлық мұң-мұқтажыңызды ақтара аласыз, ал маман сізді еш сөгіссіз, барыңызбен қабылдайды. Өз сезімдеріңіз үшін ақталудың немесе оларды біреуге дәлелдеудің қажеті болмайды.
Қамқорлық танытады. Психолог үшін сіздің өзіңізге деген көзқарасыңыз, күнделікті уақытты басқаруыңыз және ауыр жағдайды қабылдаудың қай сатысында тұрғаныңыз басты назарда болады.
Түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. ЖБА дертінен хабары бар маман аурудың ерекшеліктері, емдеу жолдары және осындай сынаққа тап болған басқа отбасылардың тәжірибесімен бөліседі. Нақты ақпарат белгісіздіктен туатын үрейді басады.
Ауыр психологиялық сәттерде жәрдем береді. Жүйкенің тозуы, кенеттен пайда болатын үрей, есеңгіреу немесе шок сияқты қиын күйлерден шығуға көмектеседі.
Күш-қуат көзін табуға көмектеседі. Сізбен бірге бойыңызға қайдан қуат алуға болатынын зерттеп, күн сайын өзіңізді қалыпты деңгейде ұстап тұрудың жоспарын құрады.
Әдетте психологтың кеңесі бір сағатқа жуық уақытты алады. Бірақ дағдарысты сәттерде маман сіздің жан дүниеңізді қалпына келтіру үшін қанша уақыт қажет болса, сонша уақыт бөле алады.
Маманның уақытын аламын немесе маңызды нәрсені айтуды ұмытып кетемін деп қобалжудың қажеті жоқ. Кәсіби маман өз әлеуетін басқара біледі және бәрін талқылап үлгеру үшін уақытты есептей алады. Ол әңгімені мұқият қадағалап отырады, егер сіз бір нәрсені айтуды ұмытып кетсеңіз, тақырыпқа қайта оралтады.
Мұндай көмекті қайырымдылық қорларының психологтары тегін көрсетеді, ал шұғыл жағдайларда психологиялық қолдаудың «жедел желілеріне» хабарласуға болады — сол жерде не істеу керектігін айтып береді. Сонымен қатар, әсіресе алғашқы кезеңде, ата-аналар қауымдастықтарына жүгініп, қолдау алуға болады.
Кәсіби көмектің қажет екенін қалай түсінуге болады?
Егер сіз өзіңізге жайсыз екенін сезсеңіз: сезімдеріңізді басқара алмайсыз, ойларыңыз бір жерде шыр көбелек айналып жүр, күш-қуатыңыз таусылды — бұл психологқа немесе психотерапевке жүгінуге негіз болады.
Егер бір айдан астам уақыт бойы ұйқысыздықтан, бастың ауруынан, тәбеттің жоғалуынан немесе, керісінше, үнемі тамақ ішкіңіз келіп тұруынан зардап шексеңіз, сондай-ақ созылмалы ауруларыңыз асқынса — бұл тек психологқа ғана емес, дәрі-дәрмектік қолдау алу үшін неврологқа немесе психиатрға жүгінудің белгісі.
Тіпті уайымыңыз негізсіз болып көрінсе де, оны маманмен талқылаңыз: ауыр күйзелістер жарақаттаушы оқиғадан кейін жарты жыл өткен соң да пайда болуы немесе күшеюі мүмкін.
Verhaart, I.E.C., Robertson, A., Wilson, I.J. et al. Prevalence, incidence and carrier frequency of 5q–linked spinal muscular atrophy — a literature review. Orphanet J Rare Dis 12, 124 (2017).
Цейликман, В.Э. Психологические, нейробиологические и нейро-эндокринологические особенности синдрома посттравматических стрессовых расстройств / В.Э. Цейликман, О.Б. Цейликман, И.В. Фекличева и др. // Вестник ЮУрГУ. Серия «Психология». 2018. Т. 11, № 4. С. 73–86
Волошин В.М. Посттравматическое стрессовое расстройство. Феноменология, клиника, систематика, динамика и современные подходы к психотерапии. М., 2005. 199 с.
Нейрофизиологические особенности работы головного мозга (по результатам анализа показателей ЭЭГ) и их влияние на психологические характеристики у пациентов с посттравматическим стрессовым расстройством / И.В. Шадрина, К.Н. Дедова, А.Н. Пугачев // Вестник ЮУрГУ. 2011. № 7.
Клинические рекомендации Министерства здравоохранения РФ «Посттравматическое стрессовое расстройство» от 2023 года // Рубрикатор клинических рекомендаций Минздрава РФ.
Кюблер-Росс Э. О смерти и умирании. 1969.
Винникотт Д. В. Ребенок, семья и внешний мир 1964.
Schneiderman N., Ironson G., Siegel S. D. Stress and Health: Psychological, Behavioral, and Biological Determinants // Annual Review of Clinical Psychology. 2005. Vol.1:607–628.
James K.A., Stromin J.I., Steenkamp N. and Combrinck M.I. Understanding the relationships between physiological and psychosocial stress, cortisol and cognition. Frontiers in Endocrinology. 2023.
