Логопедиялық проблемалар

ЖБА бар балалар қандай логопедиялық қиындықтарға тап болады және логопед олармен күресуге қалай көмектеседі?

ЖБА бар балаларды логопедиялық оңалту — осыдан бірнеше жыл бұрын болмаған жаңа бағыт. Патогенетикалық емнің пайда болуымен ЖБА бар балалар ұзақ өмір сүреді, өседі, дамиды, бірақ аурудың салдарынан оларда тыныс алу және жұту бұлшықеттері әлсіреген. Ендігі міндет: оларға жұту, тыныс алу, дауыс шығару функцияларын қалпына келтіруге немесе жақсартуға, сөйлеуді қалыптастыруға көмектесу. Бұл міндетті қазір логопедтер мен логопед - оңалтушылар шешуде. Қазіргі уақытта бұл салада клиникалық зерттеулердің деректері мен ұсыныстар жоқ — тек тәжірибелі мамандардың тәжірибесі мен бақылаулары ғана бар. Бұл материалды біз Ольга Бураямен — балалар мен ересектерді түзету және оңалту саласында 15 жылдық тәжірибесі бар, оның ішінде ЖБА бар балаларды оңалтуда 3 жылдық тәжірибесі бар логопед - оңалтушымен бірге дайындадық.

«Логопедиялық проблемалар» дегеніміз не?

Бұл сөйлеуге қатысты ма?

Иә, бұл сөйлеудегі қиындықтар, бірақ тек ол ғана емес. Мәселе мынада: сөйлеу екі процестің — танымдық және қозғалыс процестерінің тоғысқан жерінде пайда болады.

Сөйлеу — адамның ең күрделі жоғары психикалық функцияларының бірі: ол қабылдау, зейін, ойлау, жад сияқты басқа да психикалық функциялар негізінде қалыптасады. Психолог Л. С. Выготский сөйлеуді тек қарым-қатынас құралы мен формасы ғана емес, сонымен қатар ойлау қаруы және адамның психикалық процестерін ұйымдастыру мен реттеу құралы ретінде анықтады [1].

Егер адамда қабылдау, зейін, ойлау, танымдық белсенділік сияқты психикалық процестер қалыптаспаса немесе бұзылса, ерікті әрекетте қиындықтар болса, бұл оның сөйлеуіне әсер етеді: оған сөйлеп тұрған адамды түсіну немесе сөйлем құрау қиын болуы мүмкін, болып жатқан жағдайды сипаттауға сөзі жетпеуі мүмкін (қолданылатын сөздік қордың аздығы), жалпы алғанда сөйлеуі сауатсыз болуы мүмкін. Бұл — танымдық процестердің бұзылуымен байланысты логопедиялық мәселелер тобы.

Басқа топ қозғалыс аспектісімен, дәлірек айтқанда, сөйлеу аппараты мүшелерінің жұмысындағы әртүрлі бұзылулармен байланысты. Сөйлеу аппаратына артикуляциялық, дауыс, тыныс алу бөлімдері, сондай-ақ сөйлеу процесін реттейтін бас миының қыртысы жатады. Жеңілдеу бұзылулар кезінде біз дауыс функциясының бұзылуымен (дисфония), дыбыс айтудың және просодиканың әртүрлі бұзылуларымен (дислалия, дизартрия) кездесуіміз мүмкін. Ауыр бұзылулар кезінде адамға жұтыну (дисфагия), мақсатты қозғалыстарды орындау (апраксия), дыбыс шығару (анартрия) қиын немесе мүмкін емес, сондай-ақ дауыстың толық жоғалуы (афония) орын алады. Мұндай бұзылулар таза сөйлеу мәселесі болып табылмайды, бірақ олармен де логопедтер және басқа мамандар, мысалы, неврологтар, гастроэнтерологтар, кейбір жағдайларда фониатрлар айналысады.

Бұл проблемалардың қайсысы ЖБА бар балаларда кездесуі мүмкін?

Белгілі бір ерекшеліктер бар ма?

ЖБА бар баладағы логопедиялық проблемалар басқа балалардағыдай болуы мүмкін: сөйлеу дамуының кешігуі, алалия, стресс аясындағы немесе интеллектуалдық дамудың бұзылуы салдарынан сөйлеудің бұзылуы, дислексия, артикуляция мүшелері құрылысының ерекшеліктеріне байланысты дыбыс айтудағы қиындықтар және т.б.

Бірақ ЖБА бар балалардағы логопедиялық мәселелердің себебі көбінесе осы ауруға тән бұлшықет әлсіздігінің күшеюімен байланысты [2]. Арнайы ем болмаса, ауру үдей түседі: пациенттерге аяқ-қол бұлшықеттерін басқару қиындайды, тыныс алу және жұту бұлшықеттері әлсірейді. Сондықтан ЖБА бар көптеген балаларда келесі қиындықтар кездеседі:

  • дисфагия — жұтынудағы қиындықтар,

  • афония/дисфония — дауыстың бұзылуы немесе оның мүлдем болмауы,

  • анартрия/дизартрия — пациенттің сөйлеу дыбыстарын шығару қабілеті болмауы немесе ішінара жоғалуы.

Қозғалыс бұзылыстары тыныс алудың бұзылуына әкеп соғады — бұл сөйлеу жүйесінің зардап шегетінін білдіреді, өйткені «сөйлеудің қозғалыс актісі» деп аталатын процесс: дауыс пен дыбыс түзілуі, сөйлеудің бірқалыптылығы, қарқыны, үзілістер мен екпіндерді дұрыс қою арқылы сөйлемнің ұзақтығы тікелей тыныс алуға байланысты.

Тыныс алу мәселелеріне тән созылмалы гипоксия (оттегі жетіспеушілігі) психиканың дамуына әсер етуі мүмкін [3]: бұл шамалы, бірақ дер кезінде көмек көрсетуді қажет ететін психо-сөйлеу дамуының қарқындық кідірістері болуы мүмкін [4]. Сондай-ақ қабылдау, зейін, ойлау, жадтың қалыптасуында айқын проблемалар туындап, бұл психикалық дамудың тежелуіне, тіпті ақыл-ой кемістігіне әкелуі мүмкін [5].

Сонымен қатар, қозғалыс бұзылыстары танымдық дамуға әсер етуі мүмкін: қозғалысы шектелген балалар қоршаған әлем туралы жалпы түсініктерді толық ала алмайды — оларға әлемді еркін тану, зерттеу қиынға соғады. Бұл әсіресе өмірінің алғашқы жылдарын стационарларда өткізетін балаларға қатты әсер етеді.

Егер проблемалар болмаса ше?

Бұл ешқандай уайымдаудың қажеті жоқ дегенді білдіре ме?

Егер балада сөйлеудің толық дамымау белгілері болмаса, онда қазіргі уақытта алаңдауға негіз жоқ болуы мүмкін. Дегенмен, бірнеше факторға назар аудару керек.

  • Проблеманың «байқалмауы». Жұлын бұлшықет атрофиясы бар балаларда, әдетте, сөйлеу жүйесінің кем дегенде кейбір компоненттері зардап шегеді [2]. Бұл дауыстың өзіндік ерекшелігі (ЖБА бар пациенттерге ширыққан, тым жоғары, кейде қарлыққан дауыс тән), дыбыс айтудың бұзылуы, сөйлеу тынысының жеткіліксіздігі (баланың сөйлемді немесе сөзді соңына дейін айтуға демі жетпеуі), сөйлеудің бірқалыптылығының, қарқынының, кідірістер мен екпіндерді дұрыс қоюдың бұзылуы болуы мүмкін. Ата-аналар мұны ерекшелік деп қабылдауы мүмкін, тек маман ғана мұндағы болашақ немесе қазіргі проблеманы көре алады.

  • Сөйлеу даму нормаларына сәйкестігі. Екі жаста қалыпты болып саналатын және логопедиялық әсерді қажет етпейтін сөйлеу жағдайы, үш жаста дамудың кешігуін, ал бес жаста айқын проблеманы білдіретін болады.

  • ЖБА кезіндегі тыныс алу. ЖБА үшін тыныс алу функциясының проблемалары тән. Тыныс алу — бұл біздің өміріміздің негізі, егер ол әлсіресе немесе бұзылса, онда сөйлеу және танымдық процестер қалдық қағидаты бойынша қалыптасады: ағза үшін тірі қалу бірінші орында. Сондықтан ЖБА бар пациенттерге тыныс алумен жұмыс істеу маңызды — ал бұған дәл кейбір логопедиялық оңалту әдістемелері көмектеседі.

Ольга Бурая
логопед-оңалтушы, нейродефектолог, брифабилитолог

Мен өз тәжірибемде ата-аналардың баласында логопедиялық және тыныс алу проблемалары бар-жоғын әрқашан өздігінен анықтай алмайтынын көремін. Уақытты өткізіп алмай, жаттығуларды дер кезінде бастау үшін мен әр жарты жыл сайын маманның диагностикасынан өтуді ұсынамын.

Бұл жағдайда не істеу керек?

Және мұнымен күресуге қай маман көмектеседі?

Барлық логопедиялық проблемаларды шешетін әмбебап кәсіби маман табу оңай емес. Бірақ жекелеген бағыттар бойынша маманданатындар бар.

Егер балаға өзіне бағытталған сөзді түсіну қиын болса, ол өздігінен сөйлем құрап айта алмаса, оның грамматикасы мен сөздің буындық құрылымы бұзылса, дыбыс айтуы зардап шексе, ол аз сөз қолданса, дауысы бұзылса, онда оған логопедиялық түзету қажет. Оны клиникалық логопедтер сияқты мамандар жүргізеді.

Егер сөйлеудің бұзылу себебі — жоғары психикалық функциялардың (қабылдау, зейін, ойлау) бұзылуы болса, онда дефектология және нейропсихология саласында қосымша біліктілігі бар маманға — логопед-дефектологқа, нейродефектологқа жүгінген жөн.

Оңалтудың міндеті — жоғалған сөйлеу қабілетін қалпына келтіру болса, бұл іспен логопед-афазиолог айналысады. Мұндай мамандардың пациенттері инсульттан, бас-сүйек жарақатынан, нейрохирургиялық оталардан кейінгі адамдар, шашыранды склерозы, Паркинсон ауруы бар пациенттер, сондай-ақ ауруы сөйлеу қабілеті қалыптасқан жаста басталған ЖБА бар балалар болуы мүмкін.

Егер ЖБА бар балаға жұтыну, шайнау, тыныс алу қиын болса — оған логопедиялық оңалту көрсетіледі. Логопед-оңалтушының жұмысы жұтыну, тыныс алу, шайнау, дауыс шығару функцияларын қалпына келтіруге және қалыптастыруға, сондай-ақ осы процестерді үйлестіруге бағытталған, бірақ бұл басқа да оң нәтижелерге әкелуі мүмкін.

Ольга Бурая
логопед-оңалтушы, нейродефектолог, брифабилитолог

Кішкентай пациенттермен логопедиялық оңалту жұмысындағы менің тәжірибемде біз жұтыну және шайнау процестерінің, жұмсақ таңдай қозғалғыштығының қалай белсендіріліп, қалпына келгенін көрдік; самай-төменгі жақ буынының контрактурасы азайып, төменгі жақтың ашылу амплитудасы артты, тістеу қалыпты жағдайға жақындады, тіл қозғалысының амплитудасы жоғарылады, гиперсаливация (сілекейдің көп бөлінуі) азайды, бірқатар жағдайларда қатты таңдай пішінінің өзгергені байқалды: ол кеңірек болып, күмбез тәрізділігі азайды.

Практика көрсеткендей: логопедиялық оңалту сөйлеудің пайда болуына да әкеледі, оның дамуына ықпал етеді. Нәтижесінде коммуникациялық мүмкіндіктердің репертуары кеңейеді. Дауыс шығару процесі белсендіріледі, сөйлеу тынысы қалыптасады және ұзарады, вокализация түрлері кеңейеді, алғашқы былдыр сөздер, алғашқы сөйлемдер пайда болады, дыбыс айту жақсарып, нақтылана түседі, мимика айтарлықтай бай болады.

Маманды қалай табуға болады?

Біз логопедтер туралы естідік, бірақ логопед - оңалтушыларды кездестірмедік. Оларды қайдан іздеу керек, бұл қандай мамандар?

Нәресте және ерте жастағы балаларды логопедиялық оңалту — жаңа бағыт. Патогенетикалық ем ЖБА бар кішкентай балаларға аурумен күресуге мүмкіндік берді: олардың өмір сүру ұзақтығы артты, сондықтан оларға қалыпты жағдайда өздігінен қалыптасатын жұтыну, тыныс алу, дауыс шығару функцияларын қалпына келтіруге көмек қажет болды. Бұл саладағы мамандар әзірге аз. Олардың қандай болатыны туралы логопед - оңалтушы Ольга Бурая айтып береді.

Ольга Бурая
логопед-оңалтушы, нейродефектолог, брифабилитолог

Логопед-оңалтушы логопедия мен физикалық терапияның тоғысқан жерінде жұмыс істейді. Сондықтан ол сөйлеу, есту, көру мүшелерінің анатомиясын, физиологиясын және патологиясын түсінуі тиіс. Невропатология, психопатология, генетика, клиникалық және нейропсихология негіздерін, денсаулық проблемалары бар балалар мен ересектерді оңалту негіздерін білуі қажет. Жалпы және арнайы педагогика мен психология, дефектология, сондай-ақ логопедия саласында білімі болуы тиіс. Қозғалыс дамуының, психиканың қалыптасуының жас ерекшеліктерін түсінуі керек. Ерте көмек көрсету, яғни үш жасқа дейінгі балалармен жұмыс істеу бойынша маман болуы тиіс.

Логопед-оңалтушы жұтыну, шайнау, тыныс алу, дауыс шығару, сөйлеу процестерінің механизмін білуі және түсінуі керек. Осы функциялардың зақымдану себептері мен салдарларын ажырата білуі тиіс. Абилитация мен оңалтудың классикалық және инновациялық әдістемелерін білуі, әртүрлі мануалды әсер ету техникаларын меңгеруі қажет. Және, әрине, мұны растайтын білім туралы құжаттары болуы тиіс: жоғары мамандандырылған білім, кәсіби қайта даярлау, біліктілікті арттыру курстары, мамандандырылған семинарлардан өткені туралы сертификаттар.

Логопед-оңалтушы жұтыну және тыныс алуы бұзылған пациенттер қолданатын медициналық аппараттармен міндетті түрде таныс болуы керек, олар: ӨЖЖ (өкпені жасанды желдету), ӨЖЖ емес аппараттары, аспираторлар, жөтелдірткіштер (откашливатель), пульсоксиметрлер, Амбу қапшығы және т.б. Әр құрылғының не үшін қажет екенін біліп қана қоймай, оны қолдана білу де маңызды. Трахеостома мен гастростома туралы түсінігі болуы, олар орнатылған жағдайда жұмыс істеудің ерекшеліктерін білуі тиіс.

Бірінші қабылдауда не болуы керек

Не дайындау керек, маман өзін қалай ұстауы тиіс?

Ольга Бурая
логопед-оңалтушы, нейродефектолог, брифабилитолог

Бұл салада әзірге стандарттар жоқ, мен өз тәжірибемдегі бірінші қабылдаудың қалай өтетіні туралы айта аламын.

Танысу. Танысу кезінде мен ананың жүктілік кезеңінен бастап баланың барлық медициналық құжаттарын әкелуді сұраймын — бұл маған дамудың егжей-тегжейлі анамнезімен, жүргізілген зерттеулермен, баланың өмірінде болған оңалту шараларымен және оның динамикасымен танысу үшін қажет. Егер ақпарат жеткіліксіз болса, ата-аналарға қосымша зерттеулерден өтуді ұсынуым мүмкін.

Тексеру және диагностика. Бірінші кездесуде мен пациентті мұқият тексеремін: жұтынуын, тыныс алуын, реакцияларын, психикалық процестерін, қозғалыстың бар-жоғын және оның көлемін, иық белдеуінде, жамбас диафрагмасы аймағында не болып жатқанын, тізелерінің, табандарының, қол басының жағдайын бағалаймын — мен бәріне қараймын.

Күтілетін нәтижені қалыптастыру. Қабылдауда ата-аналармен олардың күтетін нәтижелері туралы міндетті түрде сөйлесемін: маған ата-ананың сұранысы қаншалықты шынайы екенін және оның баланың қажеттіліктерімен сәйкес келетінін түсіну маңызды. Кейде ата-аналар дыбыс айтуды дұрыстағысы келеді, ал балаға тыныс алумен айналысу керек — мұны талқылау өте маңызды.

Оңалту бағыты. Бірінші қабылдауда-ақ мен балаға қажетті логопедиялық оңалту шараларын ұсынамын. Ата-аналардың мүмкіндіктерін ескере отырып, жеке оңалту бағытын (маршрутын) әзірлеймін. Мысалы, егер диагностика нәтижесі бойынша балаға ұзақ терапия қажет болса, ал ата-ананың бұған мүмкіндігі болмаса немесе уақыты шектеулі болса, бұл әдістемелерді таңдауға әсер етеді. Сондай-ақ, баланың оңалтуға қалай жауап беретініне байланысты бағыттың түзетіліп отыратынын түсіндіремін.

Ұсыныстар. Қабылдау кезінде физикалық, тыныс алу оңалтуы, танымдық процестерді түзету бойынша білікті көмек алу үшін басқа мамандарға — респираторлық терапевтерге, дефектологтарға, массажистерге, АФК (бейімделген дене шынықтыру) жаттықтырушыларына және т.б. жүгінуді ұсынуым мүмкін.

Логопед пен логопед - оңалтушы қандай әдістемелерді қолданады

Және олардың ішіндегі ең тиімдісі қайсысы? Әмбебап шешімдер бар ма?

Түзету мен оңалту жұмыстарында әртүрлі әдістемелер қолданылады, олар: сараланған логопедиялық массаж (қолмен және зондпен жасалатын), нүктелі және вакуумдық массаждар, сөйлеу функцияларын қалпына келтірудің арнайы фасциалды техникалары, брифабилити (тыныс алуды оңалту), тейпинг-терапия және логопедиялық тейпирлеу, криоконтрасты терапия. Дегенмен, ЖБА бар балалармен жұмыста қандай да бір әдістемені әмбебап деп атау әзірге мүмкін емес: бір жағынан, ауру әлі де зерттелу үстінде, екінші жағынан — оңалту техникаларының әсері көптеген факторларға байланысты болады.

ЖБА ӘР ТҮРЛІ ТИПТЕГІ БАЛАЛАРДАҒЫ ЛОГОРЕАБИЛИТАЦИЯ МІНДЕТТЕРІ
ЖБА типі және негізгі проблемалар
Логопедиялық оңалтудың міндеттері
ЖБА 1
0–6 ай
  • Негізгі қозғалыстар (басты ұстау, аударылу, отыру) кешігіп қалыптасады немесе мүлдем қалыптаспайды.

  • Жұтыну әлсіреген немесе мүмкін емес.

  • Тыныс алу бұзылған.

  • Қоршаған әлем туралы түсініктер шектеулі.

  • Жұтынуды, дауыс шығаруды, артикуляция мүшелерінің қозғалғыштығын қалпына келтіруге немесе күшейтуге басымдық беру, жақ буынының (СДЖБ) контрактураларымен жұмыс істеу, тыныс алуды қалыпқа келтіру.

  • Жоғары психикалық функцияларды түзету және дамыту — уақытша екінші жоспарда.

ЖБА 2
6–18 ай
СМА 1
«мықты» кіші тобы
  • Бала басын өздігінен ұстайды, отырады, қиындықпен болса да тамақ ішеді.

  • Жүру қиын болуы мүмкін — арнайы жаттығулар қажет.

  • Тыныс алудың бұзылуы бар.

  • Жұтынуды сақтау және күшейту бойынша жұмыс.

  • Тыныс алуды, дауыс тембрі мен күшін — сөйлеудің просодикалық жағын қалыпқа келтіру.

  • Артикуляция мүшелерінің қозғалғыштығы бойынша жұмыс.

  • Сөйлеу белсенділігін қалыптастыру.

  • Қабылдауды, зейінді, ойлауды және сөйлеудің өзін түзету мен дамыту.

  • Қоршаған әлем туралы жалпы түсініктерді кеңейту.

ЖБА 3
18 айдан бастап
  • Бірінші орынға тыныс алу және дауыс шығару проблемалары, сондай-ақ дыбыс айтудағы дефектілер шығады.

  • Сөйлеуді, қабылдауды, зейінді, ойлауды түзету және дамыту.

  • Тыныс алумен жұмыс.

ЖБА 4
жасөспірім немесе ересек жаста басталады
  • Бірте-бірте қозғалу, тыныс алу қиындай түседі.

  • Тыныс алу және қозғалыс функцияларын қалпына келтіру.

Логопедиялық оңалтудың сәттілігі неге байланысты

Әдістемені таңдауға ма? Сабақтардың жиілігіне ме? Жүйелілігіне ме?

Логопед-оңалтушы әрбір пациент үшін өзінің оңалту бағытын таңдайды және оны пациенттің бүгінгі таңдағы динамикасына, жағдайына және қажеттіліктеріне байланысты жүйелі түрде түзетіп отырады.

Ольга Бурая
логопед-оңалтушы, нейродефектолог, брифабилитолог

Логопед-оңалтушы әрбір пациент үшін өзінің оңалту бағытын таңдайды және оны пациенттің бүгінгі таңдағы динамикасына, жағдайына және қажеттіліктеріне байланысты жүйелі түрде түзетіп отырады.

Логопедиялық оңалтудың сәттілігі терапияның дер кезінде басталуына, диагноздың қойылу уақыты мен дәлдігіне, пациенттің соматикалық және психикалық жағдайына, таңдалған оңалту шараларының кешеніне, оңалту іс-шараларының жүргізілу жүйелілігіне, жақындарының оңалтуға белсенді қатысуға физикалық және моральдық дайындығына байланысты.

Сеніммен айтуға болатын нәрсе: теңгерімді, кешенді, жеке таңдалған оңалту бағдарламасы жақсы нәтижелер береді. Мен өз жұмысымда мына формулаға сүйенемін: «ДЕНСАУЛЫҚ = ТЫНЫС АЛУ + ҚОЗҒАЛЫС + ОЙЛАУ + СӨЙЛЕУ». Егер сәбидің оңалту бағытын оның барлық жетіспеушіліктерін — физикалық, тыныс алу және танымдық-сөйлеу жағын ескере отырып құрса, онда нәтиже де қуантатын болады.

Қаншалықты жиі және қаншалықты ұзақ айналысу керек деген, жеке сипаттағы сұрақ.

Ольга Бурая
логопед-оңалтушы, нейродефектолог, брифабилитолог

Бұл жерде ағзаның компенсаторлық мүмкіндіктері маңызды рөл атқарады — ал әркімде ол әртүрлі. Менің тәжірибемде жұтыну функциясының бұзылуы екі айда қалпына келген балалар болды, ал басқа пациенттерде бұл бір жарым жылға созылды. Кейбір пациенттерде СДЖБ контрактурасының дәрежесі бір айда айтарлықтай төмендесе, басқаларында тек бір жылдық табанды жұмыстан кейін ғана ілгерілеушілік басталды.

Менің тәжірибем бойынша, жақсы даярланған жоспар келесідей болады: аптасына үш рет төрт-бес сабақтан немесе аптасына бес күн екі-үш сабақтан. Және міндетті түрде үзілістер болуы керек: бала алған дағдыларын меңгеруі үшін бірнеше күн демалыс қажет.

ЖБА-ның 1 типі бар балалармен біз тұрақты түрде айналысамыз. Жеңілдеу жағдайларда — курстық жұмыс құрамыз: жылына үш-төрт рет, үш аптадан екі айға дейін.

Мамандармен қашықтан (онлайн) жұмыс істеуге бола ма?

Біздің қалада логопед-оңалтушы жоқ, бәлкім, біз «зум» арқылы сабақ өткізерміз?

Қашықтан толыққанды оңалтумен айналысу өте қиын. Егер логопед-оңалтушының жұмысы туралы айтатын болсақ, ол тікелей жанасуды көздейді. Егер логопедтің түзету жұмысы туралы айтатын болсақ, онда онымен онлайн-сабақтарда баладан жоғары өзін-өзі бақылау және зейін қою талап етіледі. Бұл айтарлықтай қиын. Өзін-өзі бақылауы әлі қалыптаспаған кішкентай балалар үшін тіпті қиынға соғады. Дегенмен, онлайн форматта да көп жаттығуларды пысықтауға болады.

Ольга Бурая
логопед-оңалтушы, нейродефектолог, брифабилитолог

Логопед-оңалтушы ата-анамен онлайн-консультация өткізе алады: қандай мамандарға жүгіну керектігі, қандай зерттеулерден өту керектігі туралы кеңес бере алады, оңалту жоспарын түзетеді, егер бұл бірінші кездесу болмаса, үй тапсырмасын тексереді немесе жаңасын береді.

Егер отбасы алыста тұрса және бетпе-бет кездесу мүмкіндігі болмаса, экран арқылы түзету сабағын жүргізу жалғыз шешім болып табылады. Бірақ ол кезде онлайн-сабақтарда әрқашан ересек адам, яғни пациент пен маман арасындағы дәнекер адам болуы тиіс: қоңырауды ұйымдастыру және байланысты қадағалау, зейінді бақылау, баланы жігерлендіру және оған көмектесу керек. Рас, өте кішкентай немесе жағдайы ауыр балалар үшін онлайн формат сәйкес келмейді — бұл жерде жеке байланыс және физикалық әсер етуді талап ететін әдістемелер қажет.

Ата-аналар не істей алады

Үйде өз бетінше жұмыс істеуге бола ма?

Ата-аналар үйде кейбір жаттығуларды жалғастыра алады — бірақ нақты нені және қалай істеу керектігін маман көрсетіп, үйретеді.

Ольга Бурая
логопед-оңалтушы, нейродефектолог, брифабилитолог

Мен өз қабылдауларымда ата-аналарды арнайы дайындықты талап етпейтін негізгі жаттығуларға үйретемін. Олар, мысалы, логопедиялық массаждың ынталандырушы бөлімін өткізе алады, мимикалық бұлшықеттермен, қолдың басы мен саусақтарымен, табанмен жұмыс істей алады, логотейпирлеудің кейбір аппликацияларын және брифабилитидің негізгі жаттығуларын орындай алады. Бұл қабылдау кезінде күрделірек техникаларға уақыт босатуға, ал оңалту курстары арасында баланың иеленген білігі мен дағдыларын үйде қолдап отыруға көмектеседі.

Трахеостомасы, гастростомасы бар балалар логопед-оңалтушымен жұмыс істей ала ма?

Бұл жұмысты қиындатпай ма?

Әдетте, иә. Жөтелдірткішті (откашливатель) қолдану, позициялау, тыныс алу гимнастикасы — бұл ЖБА-сы бар пациент пен отбасының режиміне енетін күнделікті процесс.

Ольга Бурая
логопед-оңалтушы, нейродефектолог, брифабилитолог

Менің тәжірибем мұның мүмкін екенін көрсетеді. Орнатылған трахеостома мен гастростома, әрине, жұмысты біршама қиындатады және қолданылатын әдістемелердің мүмкіндіктерін шектейді, бірақ оңалту барысында біз тыныс алуда да, дауыс шығаруда да, жұтынуда да белгілі бір жетістіктерді байқаймыз. Менің тәжірибемде логопедиялық оңалту трахеостоманы алып тастауға ықпал еткен жағдайлар бар.

Әдебиеттер тізімі